Қайрат Сатыбалды деген кім? Иелігінде не бар?

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды деген кім және оның иелігінде не бар?


18/03/2022
10:58 36485 0

Наурыздың 13-і күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталғаны хабарланды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сатыбалдыға «Қазақтелеком» АҚ қаржысын жымқыру және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылғанын мәлімдеді. Осыған байланысты бүгін біз «экс-президенттің немере інісі кім және оның иелігінде не бар?» деген сұраққа жауап іздеп көруді жөн санадық.

 

«Forbes» 2018 жылы Қайрат Сатыбалдыны Қазақстанның ең ықпалды 50 бай кәсіпкерінің қатарына енгізген. Сол уақытта оның байлығы 163 миллион долларға бағаланған. 

 

Қайрат Сатыбалдының «Alatau Capital Invest» арқылы «Қазақтелеком» АҚ-да үлесі бар. Бұдан бөлек, оған «Әмір LTD» ЖШС, «Корпорация Дүние» ЖШС, «Дүние-Күзет» ЖШС және «Дүние-Агро» ЖШС компаниялары тиесілі.Сатыбалды «Kaspi Bank» АҚ-да үлесі бар болған. Бірақ 2018 жылы ондағы үлесін 466 миллион долларға сатқан. 

 

Айта кететін бір жайт, 2018 жылы «Қазақтелеком» АҚ компаниясының 25 пайыз акциясы Люксембургте тіркелген «Skyline Investment Company S.A.» офшор компаниясына өткен. Кейіннен бұл компанияның жалғыз иесі Қайрат Сатыбалды екені белгілі болған. 2018 жылғы дерек бойынша, «Skyline Investment Company S.A.» жалпы активі 266 миллион долларға бағаланған.

 

Жақында «Азаттық» радиосы журналистік зерттеуінде бұрын сүт фермасы болған 12,5 гектар жерде орналасқан зәулім сарайлар туралы айтқан. Сарайлар Қайрат Сатыбалдының жұбайы Әсел Бақтиярқызына тиесілі. 

 

Қайрат Сатыбалды 1970 жылы 16 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1990 жылы И. С. Конев атындағы Алматы жоғары әскер басқару училищесін, 1993 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары курсын, 1998 жылы Абай атындағы мемлекеттік университетті, 2002 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетін, 2002 жылы Атырау мұнай және газ институтын тәмәмдаған. 

 

Қайрат Сатыбалды Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2000 жж), «Kazakh Oil» ұлттық компаниясының вице-президенті (2000-2003 жж), «Қазақстан темір жолы» ҰК бірінші вице-президенті (2005-2006 жж), «Дүние» АҚ корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы (2006-2010 жж), «Нұр Отан» партиясының хатшысы (2010-2015 жж), «Alatau Capital Invest» басқарушы серіктесі (2016 жылдан бері қарай) қызметтерін атқарған. Бұдан бөлек, Қайрат Сатыбалды 1991-1998 және 2003-2005 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген. 

 

«Құрмет» ордені мен «Астана», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

18/03/2022 10:58
36485 0

Уведомление